ГИПЕРГИДРАТАЦИЯ НЕМЕСЕ СУЛАНУ. 7 страница Нашақорлық пен уытқорлықтың түрлері Нашақорлық қолданылатын есірткілердің түрлеріне қарай: каннабизм, кокаинизм, апиындық және елестеткіш есірткілерден туындайтын болып ажыратылады. Каннабизм (лат. cannabis sativa – үндіс кендірі) марихуана, гашиш т.б. заттарды Үндістанда, Қазақстанның Шу ойпатында т.б. жерлерде өсетін кендір өнімдерінен алынған есірткілерге дамиды. Оларды кендірдің жапырағынан, гүл тозаңдарынан алады. Кендірдің құрамында 400-ге жуық химиялық элементтер болады. Солардың 60-қа жуығы есірткілік әсер етеді. Бұларды адам кендірдің жапырағы мен гүл тозаңдарын ауызда шайнау, шылым қылып тарту немесе ішу арқылы қабылдайды. Бұл кезде әсер ететін зат ретінде каннабиноидтар (каннабидиол, каннабинол, тетрагидроканнабинол және жасампаздық жолдармен алынған СР-55940, WIN- 55212-2) – есептеледі. Олар адамның жан-дүниесіне өте күшті әсер етеді. Тетрагидроканнабинол өкпеден тез қанға өтіп, тіндерге ауысады. Оның қанға түсуі денені босаңсытып, көңіл-күйін шаттандырады, адамның ойлау қабілетін бұзады, зердесін, ұғымталдығын әлсіретеді, мас адамдардағыдай істеген ісіне жауапкершілігін жоғалтады. Кокаинизм (erythroxylon coca өсімдігінің жапырақтарынан алынған) кокаин қабылдаудан дамиды. Әсер ететін зат болып, ОЖЖ уақытша сергітетін, жергілікті ауыру сезімін басатын, қан тамырларын тарылтатын, бензилэкгониннің метилді әтірі (эфирі) есептеледі. Бұл зат: ● нейрон мембранасы арқылы биогендік аминдердің тасымалдануын бөгейді; ● адренергиялық жүйке талшықтарының аяқшаларымен катехоламиндер- дің түйіспе саңылауларынан кері қамтылуын тежейді. Кокаинды адам мұрынға тарту арқылы деммен, шылыммен немесе ішу арқылы қабылдайды. Оған дағдылану оны қабылдай бастағаннан кейін бірнеше күн ішінде өте тез дамиды. Апиындық нашақорлықморфин, героин, промедол, омнопон, кодеин т.с.с. заттар қабылдаудан дамиды. Олар лат. papaver somniferum – апиын магінің сүттіген шырынынан алынады. Бұл заттарды адам шылыммен тарту, ішу, көктамырға немесе тері астына енгізу арқылы қабылдайды. Апиын тектестер барлық тіндерде, солардың ішінде жүйке тінінде, болатын апиынды қабылдағыштармен (рецепторлармен) әрекеттеседі. ОЖЖ-де опиоидтық рецепторлармен байланысудан: ● ауырусыну сезімі азаяды; ● көңіл-күй қобалжуын басады; ● мидағы лимбикалық жүйені әсерлендіруден шаттану, масаттану сезімі (эйфория) дамиды; ● қандағы рСО2 –ның деңгейіне тыныс алу орталығының сезімталдығын төмендетеді; ● жүректі айнытып, құстырады; ● ішек-қарынның қимылдық әрекеттерін бұзып, сөл шығаруын азайтады, тәбетті жоғалтады, іш қатуы болады.. Полинашақорлық– екі немесе бірнеше есірткілерді бір мезгілде немесе алмастырып қабылдаудан дамиды. Бұл кезде: ●қабылдаған есірткілердің әсерлері бірін-бірі күшейтуі мүмкін; ● доғару синдромы және физикалық тәуелділік күштірек болады; ● организмнің тіршілігі ауыр түрде бұзылады; ● емдеу шараларының нәтижелері аз болады. Уытқорлықтар (токсикоманиялар) – есірткіге жатпайтын заттарды қабылдаудан дамиды. Ең жиі қолданылатын заттарға психотроптық дәрілер, көңіл-күйді сергітетін заттар (мәселен, фенамин, меридил, кофеин), химиялық реактивтер, желім, этил спирті т.с.с. жатады. Психотроптықзаттар психоздарды, жүйке тозуын және соған ұқсас жүйке бұзылыстарын (мәселен, көңіл толқуларын, қорқыныш, үрей сезімдерін) емдеу үшін қолданылады. Оларға: ● транквилизаторлар (мезапам, фенозепам, сибазон т.б.) ●антидепрессанттар (амитриптилин т.с.с.); ● психостимуляторлар (психоаналептиктер, психотониктер т.б.); ● ұйықтататын дәрілер (барбитураттар); ●Паркинсонизмді емдейтін дәрілер; ●лизергинқышқылының өнімдері – жатады. Бұларды ұзақ бақылаусыз қабылдағанда физикалық тәуелділік дамиды. Транквилизаторларкөңіл қобалжуларын, үрей, қорқыныш сезімдерін басатын дәрілер. Клиникаларда мепротан (мепробамат), сибазон (седуксен), хлорезид (элениум), триоксазин, нитрозепам, фенозепам т.б. кеңінен қолданылады. Бұларды ұзақ бақылаусыз қабылдаудан тәуелділік синдромы, қабылдауды тоқтатқанда доғару синдромына ұқсас жағдай дамиды. Бұл кезде орынсыз қобалжу, мазасыздану, қорқыныш, үрей сезімі, ұйқы қашу және кейбір дербес (вегетативтік) бұзылыстар байқалады. Осыдан оларды қайталап және көбірек өлшемдерде қабылдауға мәжбүрлік пайда болады. Антидепрессанттар адамның көңіл-күйі тұнжырауын жоятын, тұнжырау синдромымен ауыратын адамдардың көңілін көтеретін дәрілер. Бұларды ұзақ қабылдағанда оларды қабылдауға дағдылану және рухани тәуелділік байқалмайды. Бірақ оларды кенеттен тоқтатқанда әртүрлі вегетативтік бұзылыстармен көрінетін физикалық тәуелділік дамиды. Сол себепті оларды қайта қабылдауға мәжбүрлік туындайды. Психостимуляторлар шаршағандық сезімді жоятын, көңіл-күйді сергітетін, адамның қол және ой жұмысын атқаруға қабілетін арттыратын дәрілер. Оларға фенамин (амфетамин), меридил, кофеин т.б. жатады. Бақылаусыз ұзақ, әсіресе фенаминді, қабылдағанда тез арада тәуелділік синдромы және артынан бұл дәріге организмнің төзімділігі дамиды. Өз алдына бұл дәрілерді көп мөлшерлерде қабылдаудан психоздар дамып, әртүрлі сандырақтар, көру және есту елестері пайда болады. «Экстази» таблеткаларын қабылдаудан фенаминдік нашақорлық біршама жиілейді. Бұл жан-дүниені сергітетін дәрілер серотонинге және дофаминге жауап қайтаратын жүйелерге күшті әсер етіп, артынан оларды бүлдіреді, ауыр тұнжыраулық бұзылыстарға әкеледі. Ұйықтатын дәрілер қалай болса солай ұзақ бақылаусыз қабылдаудан тәуелділік синдромын дамытады, организмнің төзімділігін арттырады. Содан оларды қабылдау өлшемдері біртіндеп көбейе береді. Оларды қабылдауды тоқтатқаннан кейін доғару синдромы дамиды. Ол ішкі ағзалардың ауытқуларымен, қимыл-қозғалыстың бұзылыстарымен, бұлшықеттердің әлсіздігімен, адамның есеңгіреуімен, кейде қояншық ауруына ұқсас ұстамалармен көрінеді. Бұл кезде артериалық қан қысымы қатты төмендейді, адамда әртүрлі сандырақтар мен елестер байқалады. Барбитураттарды қабылдап жүргенде ішімдіктер ішіу оларға рухани және физикалық тәуелділіктер дамуын тездетеді. Паркинсонизм ауруын емдеуге қолданылатын дәрілердің кейбірлері (мәселен, циклодол) көңіл-күйді шаттандырып масаттандыратын, көзге елестер туындататын әсер етеді. Оларды ұзақ қабылдаудан рухани және физикалық тәуелділіктер дамиды, соңғы сатыларында адамның ақыл-есінен адастырады, жадыда сақтауды әлсіретеді, өзіне-өзі қол жұмсауға талпыныстар болып, әлеуметке қарсы әрекеттер жасалады. Психотроптық дәрілердің ішінде лизергин қышқылының өнімдері ерекше орында тұрады. Лизергин қышқылының диэтиламиді (ЛСД-25), мескалин және псилоцибин емдік мақсаттарда қолданылмайды. Бұлар көзге елестер пайда болуына әкеледі. Сондықтан оларды елестеткіш есірткілер дейді. Бір рет қолданудың өзінде жан-дүниелік өзгерістер пайда болып, жіті психоздар дамиды. Олар дербес жүйке жүйесінің әрі симпатикалық, әрі парасимпатикалық бөліктерін бүлдіріп, вегетативтік реттелулердің бұзылыстарына және тыныс алу орталығының салдануынан адамның өліміне әкеледі. Қайталап оларды қабылдағанда рухани тәуелділік байқалады. ЛСД-25 және мескалин өте тез және күшті әсер ететін заттарға жатады. Олардың әсері бірнеше минуттардың ішінде дамиды. Әдетте жүрек қағуы, артериялық қан қысымы және дене қызымы көтерілуі, көңіл-күйдің өзгерістері, қоршаған ортаның айғақтығын сезіну бұзылуы, әртүрлі елестер, сезімталдықтың өзгерістері байқалады. Кейде негізсіз үрейден зорлық жасауға, қоршаған ортасын ойрандауға, лаңкестік істерге итермелеуі ықтимал. Этанол.Маскүнемдік уытқорлықтың бір түрі. Ішімдіктерді жиі қайталап қабылдаудан маскүнемдік дамиды. Бұл кезде ішімдік ішуді тоқтатқан соң доғару синдромы дамып, адамның бас жазуға тәуелділігі пайда болады және ішімдік ішуге ұдайы аңсары ауып тұрады.Ұзаққа созылған маскүнемдік кезінде адамның азғындауы болып, оның жан-дүниесінде және дене мүшелерінде тұрақты бұзылыстар пайда болады. Нашақорлық пен уытқорлықтың патогенезі. Есірткілер мен уыттардың құрамында және әсер ету жолдарында белгілі айырмашылықтар бар. Соған қарамай олардың дерт туындату әсерлерінде, рухани және физикалық тәуелділіктер дамытуында біршама ортақ жалпы заңдылықтар болады. Бұл жалпы ортақ белгілеріне: ● жан-дүниеге әсер ететін заттарды қайталап қабылдауға деген дерттік құштарлық болуы; ● оларға организнің төзімділігі қалыптасуы; ● бұл заттарға рухани тәуелділік қалыптасуы; ● оларға физикалық тәуелділік қалыптасуы – жатады. Жан-дүниесіне әсерлі заттарды қайталап қабылдауға дерттік құштарлық мына себептерден дамуы мүмкін: ♣есірткіні немесе уыттарға әуестендіретін затты қабылдау адамның көңі-күйін уақытша сергітіп, жайлылық, шаттық сезім туындатады. Сондықтан оларды қайталап қабылдауға деген ықылас пайда болады. Осындай жағдайды «нығайту ерені» - дейді. ♣оларды әрбір қабылдаудан кейінгі адамның жадыраңқы күйі дерттік жүйе қалыптасуына әкеледі. Бұл жүйе көңіл-күйдің және әл-қуаттың жайлылығын қамтамасыз ету үшін заттың кезекті жаңа өлшемдерін қабылдауды мұқтаж етеді. Мида дерттік нығайту жүйенің дәнекерлері болып, дофамин, норадреналин, серотонин, эндорфиндер мен энкефалиндер есептеледі. Есірткілер мен көңіл-күйге әсер ететін заттар нығайту жүйені әсерлендіреді. Осыдан қорға жиналған қосымша жүйкелік дәнекерлер көптеп шығарылады. Бұлар көңіл-күйді көтеріп, әл-қуатты арттырып, масаттандырады және қайта қабылдауға тұрақты құштарлықты қалыптастырады. Жан-дүниесіне әсерлі заттарға организмнің төзімділігі дамуы. Бұл заттарға организмнің төзімділігі дамуы нейрон мембраналарының, олардың иондық каналдарының, рецепторларының және ферменттік жүйелерінің жағдайларына байланысты болады. Есірткілерді, уытты заттарды, ішімдіктерді қайталап қабылдаудан нейрон мембраналарының тұтқырлығы артады. Өйткені бұл заттардың әсерлерінен мембраналардың құрамында холестерин мен қаныққан май қышқылдарының мөлшері көбейеді. Мембраналардың тұтқырлығы артуы адамның көңіл-күйіне әсер ететін заттарға олардың төзімділігін ұлғайтады. Өйткені мембраналардың тұтқырлығынан рецепторлардың қозғалыстары шектеліп, жүйкелік дәнекерлерге олардың сезімталдығы төмендейді. Сол себептен есірткілер мен уыттардың бастапқы өлшемдеріне нейрон мембраналарының рецепторлары жауап қайтармай, олардың қабылданатын өлшемдерін ұлғайтуды қажет етеді. Рухани және физикалық тәуелділіктер қалыптасуы. Тәуелділік синдромы – деп көңіл-күйге, жан-дүниеге әсер ететін затты қабылдамаса тұра алмайтын адамның жағдайын айтады. Оның дамуының қарқыны жан-дүниеге әсерлі затты алғашқы қабылдау кезіндегі көңіл-күйдің шаттаныстығы мен рахаттану сезімдерінің айқындық дәрежесіне байланысты. Ол неғұрлым күшті болса, соғұрлым тәуелділік синдромы да тез және күшті дамиды. Тәуелділік синдромы рухани және физикалық болып ажыратылады. Рухани тәуелділік – деп жан-дүниеге әсерлі заттарды қабылдауды тоқтатқанда организмнің көңіл-күйінің бейжайлығымен, тұнжырауымен, үреймен, қатты жабырқаумен көрінетін адамның рухында белгілі жайсыздық сезімімен сипатталатын жағдайды айтады. Ол көңіл-күйді шаттандырып, рахаттану сезімін туындату үшін немесе организнің жайсыздық жағдайын болдырмау үшін қолданылатын психогендік затты ауық-ауық қайталап немесе оны ұдайы енгізуді қажет ететін және оны қабылдағаннан кейін организмде қанағаттану сезімі мен көңіл-күйдің жадырауын туындататын жағдай. Физикалық тәуелділік– деп жан-дүниесіне әсерлі заттарды қабылдауды тоқтатқанда адамның әл-қуатының қатты әлсіреуімен, бұлшықеттердің сырқырап ауыруымен, сіңірлердің тартылуларымен, орталық жүйке жүйесі әрекеттерінің, ішкі ағзалар мен жүйелердің қызметтерінің терең бұзылыстарымен көрінетін жағдайды айтады. Бұл тәуелділік бар жағдайда жан-дүниеге әсерлі заттарды қабылдауды тоқтатқанда доғару синдромыдамиды. Ол науқас адам рухының, жүйке жүйелерінің және әл-қуатының қатты бұзылыстарымен сипатталады. Осыдан: ●қатты қобалжу,жабырқау, жайсыздық, қанағат сезімінің жоғалуы, өзін қоршаған ортаға өшігу т.с.с. жан-дүниелік өзгерістер байқалады; ●бұлшықеттердің сырқырап ауыруы, аяқтардың сіңірлері тартылуы, әлсіздік, жүрек айнуы, құсу, іш ауыруы және өтуі, артериалық қысымның өзгеріп тұруы, тершеңдік, жүрек қағуы, ұйқы қашуы сияқты вегетативтік және физикалық бұзылыстар дамиды; Доғару синдромының жіті кезеңі 4-5 аптаға дейін созылады. Есірткіні қабылдаудан мүлде ұстанған нашақорлардың жағдайы біртіндеп түзеледі. Бірақ оның кейбір белгілері бірнеше ай бойы сақталуы мүмкін. Нашақорлық пен уытқорлық даму сатылары. Есірткілік затты кездейсоқ қабылдау кезінде болашақ нашақор оны кез келген уақытта қабылдамай тастайды – деп есептейді. Көпшілік жағдайларда есірткіні бірінші қабылдау кезіндегі басынан өткізген шаттаныстық, рахаттану сезімдері оны қайталап қабылдауға мәжбүрлейді, біртіндеп рухани тәуелділік дамуына әкеледі. Нашақорлық пен уытқорлықтың даму жолдарында: бастапқы сатысы, физикалық тәуелділік сатысы және ақырғы сатысы - деп үш сатыны ажыратады. Әрбір жағдайда олар әртүрлі болуы немесе басқаша аталулары да мүмкін. Бірақ оларға тән жалпы заңдылықты ортақ құбылыстар болады. Бастапқы саты жан-дүниеге әсерлі затқа рухани әуестік дамуымен және қайталап оны қабылдағанда көңіл-күйін шаттандыратын оның бастапқы әсері азаюымен сипатталады. Сондықтан нашақорға алғашқы көңіл-күйінің айқын шаттанысын қайталап сезіну үшін есірткінің дозасын біртіндеп ұлғайту қажеттігі туындайды. Есірткіні қабылдау аралықтарында адамның қанағаттанбаған жайсыздық сезімі болып, оның жұмысқа қабілеті төмендейді. Бұларды есірткінің үлкен мөлшері ғана жоя алады. Осыдан нашақордың есілдерті әрдайым оның жаңа дозаларын қабылдауға бағытталады. Бұл сатысы 2-6 айға созылады. Содан біртіндеп: ●неврастениялық және психастениялық синдромдар дамиды; ●бұл заттарға рухани тәуелділік қалыптасады; ●бұл заттардың теріс әсерлеріне организмнің бейімделуі болады; ●бұл заттарға организмнің төзімділігі көтеріледі. Неврастениялық және психастениялық синдромдар: науқастың мінезінің қызбалығымен, өзін-өзі ұстай алмаушылығымен, әл-қуатының және ойлау қабілетінің тез шаршағыштығымен, есте сақтау қабілетінің бұзылуымен, сезімталдықтың ( парестезия, гипо- және гиперестезия) және ұйқының бұзылыстарымен көрінеді. Рухани тәуелділік: көңіл-күйдің бей-жайлығымен, тұнжырауымен, жан-дүниеге әсерлі заттың қанда мөлшері азайғанда қанағаттанбаушылық сезімімен және бұл сезімнің осы зат организмге қайта түскенде жоғалуымен байқалады. Оның даму жолдарында мына тетіктердің маңызы болуы ықтимал: ●жан-дүниеге әсерлі затты қабылдау біртіндеп нейрондарда және олардың аяқшаларында жүйкелік дәнекерлердің қоры таусылуына әкеледі; ●дофамин т.б. катехоламиндердің тапшылығы «нығайту» жүйесінің белсенділігін төмендетеді; ●көңіл-күйдің жайсыздығы дамиды, адамның әл-күші әлсірейді, ақыл-есі азаяды, өшігу сезімі пайда болады; ●жан-дүниеге әсер ететін затты қабылдау арқылы оны қайта сергітуге мұқтаждық (рухани тәуелділік) қалыптасады; ●дофамин тапшылығын организмнің бейімделу тетіктері уақытша теңгереді. Ол тирозингидроксилаза, диоксифенилаланиннің декарбоксилазасы және дофамин-β-гидроксилаза ферменттері әсерленіп, жүйке жүйесінде катехоламиндердің алмасуын тездетеді; ●жан-дүниеге әсерлі затқа организмнің төзімділігі көтеріледі. Көңіл-күйдің жайлылығын ұстап тұру үшін бұл заттың қабылдау өлшемін ұдайы ұлғайту қажеттігі болады; ●бұл заттардың жағымсыз әсерлеріне организмнің бейімделуі дамиды. Оларды алғашқы қабылдауларда байқалатын жүрек айну, құсу, бас ауыруы т.с.с. жағымсыз сезімдер жоғалады. Физикалық тәуелділік сатысы. Бұл кезде жан-дүниеге әсерлі заттың белгілі деңгейінде қанда болуына организм бейімделеді. Осы деңгейден оның мөлшері азайғанда немес оны қабылдауды тоқтатқанда организмде доғару синдромы дамиды. Бұл кезде адамның көңіл-күйінде қобалжу, қанағаттанбағандақ, зарығу, айналасындағыларға өшігу сияқты организмнің жайсыздығы және вегететивтік бұзылыстар байқалады. Нашақор адамның мұрыны бітелуі, жиі түшкіруі, көзі жасаурауы, біресе ысынып, біресе қалтырау сезімдері байқалады. Олардың бұлшықеттерінің ауыруы, мезгіл-мезгіл аяқтарының сіңірлерінің тартылуы, тәбетінің жоғалуы, құсу, іш өту, асқазаны мен ішектерінің ауыруы дамиды. Доғару синдромның даму негізінде көңіл-күйіне әсерлі затты қабылдауды тоқтату кезінде жүйке тінінде дофамин т.с.с. биологиялық аминдер жиналып қалуы маңызды деп есептеледі. Неғұрлым қанда дофамин көп болса, соғұрлым доғару синдромы да ауыр өтеді. Сонымен бірге басқа жүйкелік дәнекерлердің (мәселен, апиынға, серотонинге, холинге, гамма-аминомай қышқылына жауап қайтаратын жүйелердің) белсенділігі төмендеуінің маңызы бар. Организмнің жан-дүниеге әсерлі затқа төзімділігі үдемелі түрде артады. Науқас адамдар қабылданатын заттың дозасын ұдайы, тіпті уытты өлшемге дейін, көбейте береді. Осыдан қосымша дерттер пайда болады. Адамның мінез-құлқы өзгереді, ақыл-есі кеміп, науқас адам азғындайды. Ішкі ағзалар мен тіндердің қызметтері бұзылады. Көңіл-күйге әсер ететін заттарды қайталап қабылдаулардан нейрондарың және түйіспелердің (синапстардың) мембраналарында холестерин және қанықпаған май қышқылдары жинақталады. Осыдан жүйкелік дәнекерлерді қабылдайтын рецепторлардың қозғалыстары жоғалады. Ақырғы саты.Жан-дүниеге әсерлі зат немесе оның өнімдері ағзалар мен тіндерде, соның ішінде жүйке тінінде, заттардың алмасуына реттегіш ықпал етеді. Содан физикалық тәуелділік дамиды. Бұл затқа организмнің төзімділігі төмендейді. Бұл кезде: ●көңіл-күйге әсерлі затты қабылдау біршама сирейді, бірақ оны қабылдау міндетті түрде болады; ●бұл затты қабылдайтын адам оның өлшемін азайтады; ●бұл затты қабылдау организмнің жайсыз жағдайын жоғалтпайды және көңіл-күйін жадыратпайды. Ол тек доғару синдромынан сақтандырады немесе оның өту ауырлығын жеңілдетеді; ●адамның бет әлпеті әжімделіп, ол тез қартайып кетеді, қимыл-қозғалыстарының үйлесімсіздігі дамып, тәлтіректеп жүреді; ●көптеген ішкі ағзалардың қызметтері бұзылады. Өйткені организмде қан айналымдарының және зат алмасуларының қатты бұзылыстары, ағзалар мен тіндердің құрылымдық өзгерістері пайда болады. Осыдан мынадай клиникалық көріністер байқалады: ♣ас қорытылудың үдемелі бұзылыстарынан тәбеттің жоғалуы, жиі іш өту, іш қату, қайта-қайта құсу т.с.с.; ♣ішектерде тағамдық заттардың сіңірілуі бұзылудан қатты арып, жүдеу; ♣қанайналым жеткіліксіздігінен артериалық қан қысымы төмендеуі, тамыр соғуы баяулауы, ағзалар мен тіндерде майда қанайналым бұзылуы; ♣тыныс алу жеткіліксіздігі; ♣бауырдың уытсыздандыру, метаболизмдік және нәруыздар түзу қызметтерінің бұзылыстары, бауырды май басу, оның беріштенуі; ♣бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі; ♣ми мен жүйкелердің бұзылыстары; ♣адамның ойлау қабілеті төмендеуден оның азғындауы т.б. көріністер байқалады. Науқастың мінез-құлқы өзгеріп, ақыл-есі кемиді, парасаты төмендейді, қоршаған ортасына қызығушылық сезімін және өзіндік даралығын жоғалтады. Бұл сатыда организмнің жұқпаларға төзімділігі азаюдан және жүрек пен бүйрек қызметтерінің бұзылыстарынан адам жиі өлімге ұшырайды. Маскүнемдік. Маскүнемдік - ішімдікті жиі және ұдайы қабылдаудан дамитын әлеуметтік, жан-дүниелік және физиологиялық бейімделу үрдістерінің бұзылыстары. Бұл дерт ақырындап адамның әл-қуатын, ойлау қабілетін әлсіретіп, оның азғындауына әкеледі. Ішімдікке рухани және физикалық тәуелділік дамиды, оны тоқтатқаннан кейін доғару синдромы байқалады. Ішімдікке салынудың нәтижесінде адам әлеуметтік сәтсіздіктерге ұшырайды. Маскүнемдік 20-29 жастағы жас адамдарда қалыптасады. Оның нәтижесінде балалар мен жеткіншектердің жалпы дамуы мен жетілуі, білім алуға деген ынтасы әлсірейді, белгілі бір кәсіпті игеруге және әлеуметтік жағдайларға бейімделу мүмкіншіліктері азаяды. Оларда маскүнемдік: |